Abstract:
Мақалада ділге (менталитетке) əр тарапты анықтамалар берілген. Қандайда болмасын діл — рухани болмыс тарихының сығымдалған жəне тұрақты негізде қордаланған, жеке адамдармен əлеуметтік топтардың дүниетанымында орын алатын ерекше көрініс. Оны қалыптастыруда мəдениеттің, философияның, психологияның, ұлттық салт-дəстүрдің, тұрмыстың, қоғамдағы əлеуметтік ортаның, саясат пен идеологияның, экономикалық қатынастардың маңызы зор. Бізге батыс пен орыстың ментальділікпен тілдің байланысы туралы пайымдаулары кеңінен таныс. Солардың жолын ұстанатынымызда жасырын емес. Дей тұрсақта, өз топырағымызда не бар екенін түгендеп алудың ғылымның табиғи жолмен дамуына, оның шынайылығына ықпалы зор болатындықтан, тіл мен ментальділікті осы жосықпен пайымдауға тырыстық. Осы тұрғыдан келсек, бұл мақалада діл мен тілдің орайласуы туралы мəселенің қазақ тілтануындағы бастауларын Абай мен Ахметтен көруге болатындығы қарастырылды.