Abstract:
Мақалада атмосфераны ластау деген ұғымға қылмыстық құқықтық сипаттама берілді. Сондай-ақ
аталған қылмыстық норманың құрылысы, салалық заңнаманың ережелері талданды. Сот
тəжірибесіне көз жүгіртсек, экологиялық талаптардың бұзылуымен сипатталатын қылмыстық
құқықбұзушылықтардың, соның ішінде атмосфераны ластау жөніндегі қылмыстық істердің тіркелуі,
ашылу деңгейінің төмендігін байқаймыз. Атмосфераны ластау жөніндегі қылмыстық істі ұқсас
нормалардан ажыратуда қиындықтар жиі орын алады. Қылмыстық іс-əрекетке дұрыс қылмыстық баға
беру қылмыстық құқықбұзушылық құрамын сипаттайтын белгілерді анықтау арқылы іске
асырылатыны белгілі. Авторлар ұқсас қылмыстық нормаларды дұрыс саралауды қамтамасыз ету үшін
тиісті нормада нақтыланған экологиялық талаптар түрін негізге алуды ұсынады. Дегенмен де, соңғы
кездердегі кодификациялануға негізделген экологиялық заңнамалардың жүйелену процесінде кейбір
экологиялық заңдар күшін жойды, нəтижесінде ҚР ЭК-де жекелеген табиғат ресурстарына қатысты
экологиялық талаптар толық көлемде қарастырылмай қалғанына көзжеткіземіз, нақты айтсақ,
атмосфералық ауаға қатысты. Сондықтан да ҚР ЭК-де қарастырылған экологиялық талаптар
мəселесін əлі де жетілдірудің қажеттігін атап өтеді. Сондай-ақ соттардың экологиялық қылмыстық
құқықбұзушылықтар үшін жауаптылық жөніндегі заңнаманы дұрыс жəне біркелкі қолдануы
мақсатында ҚР Жоғары Сотының кейбір экологиялық қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін
жауаптылық жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы нормативтік қаулысында қылмыстық
нормалардағы бұзылған экологиялық талап түрлерінің қай экологиялық заңнамада берілгенін
нақтылауды ұсынады.