Abstract:
Топырақты құнарландыратын, көп мөлшерде оттегі бөліп шығаратын қалың және әртүрлі ну
ормандардың болуы мемлекетке пайдалы. ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев Нұр-Сұлтан қаласын
және маңайындағы аймақтарды абаттандыру жөнінде бастама көтерген болатын. «Жасыл белдеу»
жобасының мақсаты – қалада және маңайындағы аудандарда жасыл желекті қалыптастыру және оны
сақтау. Жасыл белдеуді дамыту бағыты бойынша көптеген жұмыстар жүргізілді. Нұр-Сұлтан қаласын
жасыл белдеуге айналдыру үшін қала айналасына түгелдей орман ағаштары егілген. Оның ауданы —
100 мың гектарды қамтиды. Жасыл белдеуде дұрыс егілген ағаштектес өсімдіктер ауаны оттегімен
байытудан, декоративті безендірілген пейзаждардан басқа, аймақтарды желдетуге, ластанған ауаны
тұрғын үй мен өндірістік аймақтардан бұруға, тік ауа тоғының пайда болуына және ластанған ауаның
атмосфераның неғұрлым жоғары қабаттарында шашырауына, сондай-ақ ауаны әр түрлі
аэрозольдерден, шаңнан, күйе мен ыстардан тазартуға жәрдемдесуге тиіс. Осы жасыл желектердің өзі
ерекше күтімді қажет етеді. Алайда, бұл табиғи байлықтың барлығына кеңінен таралған, бірақ аз
зерттелген ауру — ағаш тұқымдарының бактериялық обырының таралуы үлкен қатер тудыруда.
Қазіргі таңда мұндай ауру Башқұртстан, Балтық елдері, Татарстан, Адыгей Республикаларында және
Ресейдің еуропалық бөлігінде, сонымен қатар Брянск және оған іргелес аймақтарда байқалуда.
Аталған елдерде ағаш тұқымдарының осы ауруға ұшырауы ұлғайып келеді, бұл ағаш діңдерінің
кебуіне нақты қауіп тудыруда. Қазақстанда да ағаш тұқымдарының бактериялық обыры кездеседі.
Осыған байланысты, бұл ауруды зерттеу өте өзекті, өйткені ағаштардың зақымдалу ерекшелігі,
аурудың диагностикасы, орманды өсіру-таксациялық және ландшафттық жағдайларға байланысты
оның таралуы толықтай зерттелмеген. Мақаланың мақсаты — Нұр-Сұлтан қаласын қоршай
отырызылған Жасыл белдеу орман шаруашылықтарында өсетін, бактериялық обыр (водянка)
белгілері бар сүйелді қайыңның (Betula рendula Roth.) діңінен өзек үлгілерін алып, олардан бөлініп
алынған бактерия өсінділерін қоректік орталарда өсіріп, ауру қоздырғышының таза штамдарын алып,
рибосомдық РНҚ 16S нуклеотидтік тізбегінің молекулалық идентификациясын жасау. Сонымен қатар,
алынған бактерия штамдарының молекулалық сипаттамаларын Халықаралық Gene Bank базасындағы
типтік Dickeya dadantii түріне сәйкес келуін анықтау. Зерттеу барысында осы бактерия штамының
басқа да ағаш тектестерге инфекциялық белсенділігі in vitro жағдайында зерттелді. Бактериялық
обырға ұшырамаған қайың ағаштарының жапырақтары мен сырғаларын in vitro жағдайында өзіміз
бөліп алған Dickeya dadantii штамдарымен инокуляциялау патогеннің тәжірибеге алынған қайың
популяциясына толықтай вируленттігін, яғни инфекциялық белсенділігі көрсетілген.