Abstract:
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж. Тоқаев өзінің халықаралық «Ұлытау – 2019» туризм
форумында сөйлеген сөзінде Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті
түрде қолға алу қажеттігін атап өткені белгілі. Кейбір зерттеушілер еңбектерінде Жошының хан
дəрежесі болмағанын алға тартады. Тарихи əдебиетте Жошының есімін Джучи деп жазу қалыптасқан.
Алайда қазақтың қария сөздері, шежірелері мен тарихи жырларында Жошы есімі Жошы хан ретінде
жырланады. Оның үстіне Ұлы хан Шыңғыс ханның өзі Жошыға жерлерді Жошы Ұлысы ретінде
үйлестіргені де тарихи факт есебінде Жошының мемлекет басқарушы ұлысбасы, яғни Ұлыс ханы
болғанын көрсетеді. Хан дəрежесінде Жошы Ұлысы атты ұлан-ғайыр мемлекеттің басында тұрған
əйгілі тарихи тұлға, ел билеушісі болғаны бүкіл əлемге белгілі. Алтын Орда мемлекеті ыдыраған соң,
кейін Қазақ хандығының мемлекетін басқарған саяси билеуші əулеттерінің өкілдері де Жошы ханнан
өсіп өрбіген ұрпақтар еді. Сондықтан, қазақ халқы оларды «ақсүйек» деп аталған əлеуметтік
дəрежесіне сай «төре» деп келді. Далалық əдет бойынша хандық мемлекеттің дəстүрлі саяси
титулатура жүйесінде чингизид, оның ішінде джучид төре əулеті тұқымдарына тумысынан «сұлтан»
атағы таңылатын болды. Көшпелі жеке рулардың ортақ ұлыс-жұрттарын басқарған сұлтандардың
ортасынан бұрыннан-ақ қалыптасқан байырғы жол-жоба, салты бойынша, ішінен ең лайықтысын
халық кемеңгерлері — рубасы ақсақалдары мен билері, даңқты батырлары төрелік жасауға лайық
сұлтанды ақ киізге отырғызып, хан көтереді. Қазақ хандары мен сұлтандары туралы жасалған зерттеу
жұмыстары жалғасын тауып, жаңа ізденістер жүргізіліп жатқанымен, бұл мəселеге мемлекеттік
тапсырыс ретінде тың мағына берілгендіктен, жаңа қарқынға ие болары сөзсіз. Мақала қазақ
қоғамындағы төре əулеттерінің экономикалық-тұрмыстық, шаруашылық ахуалына үңілуге арналған.
Нақты айтқанда, төрелер əулеттерінің экономикалық жеке табыс көздері мəселесін талдау арқылы
Қазақ хандығы тұсындағы алым-салық жүйесін зерттеу көзделген. Бұл мəселенің қаралуы барысында
қазақ əлеуметінің билеуші тап өкілдері мен шаруалардың экономикалық қарым-қатынас жүйесіндегі
хан-сұлтандардың халық ортасында табысы туралы көзқарастары зерделеуге алынды. Кеңестік дəуір
идеологиясы таптық қайшылық туралы тұжырымды ұстанды. Дəстүрлі қоғам шаруашылығы мен
экономикасы мəселелері туралы əлдеқайда шынайы түсінік қалыптастыру маңызды. Бүгінгі қазақ
халқы мен өткен замандағы дəстүрлі қоғамдық қарым-қатынастар кезеңінде орын алған алым-салық
жүйесі туралы тарихи деректерді салыстыра отырып, жаңа ізденіс жасауға талпыныс жасалды.